Украина президенті Владимир Зеленский егер НАТО Киевтің бақылауындағы жерлерді "қорғанына алса", Украинаның басып алынған аумағын босатуды талап етпей-ақ Ресеймен атысты тоқтату туралы келісімге баруымыз мүмкін деді. Британдық Sky News телеарнасына берген сұхбатында Украина басшысы осылай деп мәлімдеді.
Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған барлық аумағын, оның ішінде Қырым мен Ресей басып алған бірнеше облыс та бар, қайтару – Украинаның соғыстағы негізгі мақсаты. Киев бұған дейін Ресей басып алған жерлерді Украинаға қайтармайынша бейбіт келіссөзден бас тартатынын мәлімдеп келген. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Киев Ресей талап етіп отырған Украинаның басып алынған облыстарынан заң жүзінде бас тартуға дайын емес. Украина басшысының сөзінше, олар кейін "дипломатиялық жолдар арқылы" қайтарылуы мүмкін.
Зеленскийдің сөзінше, Украинаны НАТО-ға шақыру соғыстың "ауыр кезеңіне" нүкте қоя алады. Атысты тоқтату туралы кез келген келісім Ресей Украинаның тағы басқа аумағын басып алмайтындығына кепілдік беруі керек. Зеленскийдің сөзінше, мұндай кепілдікті Киевті НАТО-ға шақыру ғана қамтамасыз ете алады.
Зеленский сонымен бірге АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамппен тіке араласуға ниетті екенін және одан қолдау күтетінін айтты.
Sky News-дың айтуынша, Зеленский 1991 жылғы шекараны айтпай, атысты тоқтату мүмкіндігі жөнінде ұзақ уақыттан бері алғаш рет айтып отыр. Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак жуырда Ресей әскері 2022 жылдың 24 ақпанына дейін бақылауда ұстаған аймаққа шегінсе, келіссөзді бастауға осы жеткілікті болуы мүмкін деген.
Қазір Ресей әскері Украинаның халықаралық қауымдастық мойындаған жерінің бестен бірін басып алған. Қырымнан бөлек, олар Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон, Харковь облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Ал Украина Ресейдің Курск облысында шағын аумақты бақылап отыр.
Ресей президенті Владимир Путин келіссөзді бастау үшін Украина Қырым мен төрт облыстан бас тартып, НАТО-ға мүшеліктен де үміттенбеуі керек деген. Мәскеу Киевке өзге де талаптар қойып отыр.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп үш жылға жуық уақытқа созылып келе жатқан, 100 мыңдаған адамның өмірін қиған соғысты "24 сағат ішінде тоқтата аламын" деп мәлімдеген еді. Алайда әлі күнге дейін бейбітшілік жоспарын таныстырған жоқ. CNN телеарнасы жұма күні Трамптың Украина мәселелері жөніндегі арнайы уәкілі Кит Келлог ұсынған бейбітшілік жоспарының пунктерін хабарлады. Бұл жоспар Ресей атысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келіссе, Мәскеуге қарсы санкцияны ішінара әлсіретуді ұсынады. Бейбіт келіссөзге қол қойылған жағдайда санкциялар мүлде алынады. Ал Украина Ресей басып алған жерлерден бас тартпайды, оларды "дипломатиялық жолдармен" қайтару міндетін алмақ. Материал авторларының сөзінше, бұл Ресей президенті Владимир Путин қызметінен кеткеннен кейін орындалуы мүмкін. Келлогтың сөзінше, Украинаның НАТО-ға мүшелігі белгісіз бір мерзімге шегерілуі керек, алайда АҚШ жаңа басқыншылыққа жол бермес үшін Украинаны қолдай береді. Келлогтың өзі CNN айтқан нұсқаны қолдайтынын әзірге растаған жоқ.