АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп ФБР басшысы қызметіне өзінің кеңесшісі Кэш Пательді ұсынды. Енді Пательдің кандидатурасын сенат мақұлдауы керек.
"Кэш – тамаша заңгер, зерттеуші және "бәрінен бұрын Америка" идеясының күрескері, ол өз мансабын жемқорлықпен күреске, сот әділдігін қорғау мен Америка халқына арнаған адам" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Патель Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезінде Ақ үйде істеген. 2016 жылғы сайлауда Трамптың Ресеймен байланысы туралы айыптауларды жоққа шығаруда маңызды рөл атқарды.
Трамп 2021 жылы қызметінен кетер кезде Пательді ФБР басшысы қызметіне ұсынған. Ол кезде Патель Трамптың көзқарасымен келіспеген ФБР қызметкерлерінің барлығын жұмыстан шығарып, барлау деректерін жинаумен айналысатын бөлімдерді таратуды ұсынған.
Кэш Патель 1980 жылы Нью-Йорк штатының Гарден-Сити қаласында үнді эмигранттардың отбасында дүниеге келген. 2005 жылы заң мектебін бітіргеннен кейін 8 жыл Флорида штатында мемлекеттік қорғаушы қызметін атқарған. Ауыр қылмыс үшін айыпталғандардың құқығын қорғаумен айналысқан. 2014 жылы Патель әділет министрлігіне жұмысқа тұрып, 2017 жылы өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитетінде терроризммен күрес бойынша аға кеңесші қызметіне тағайындалды.
2020 жылы қарашада Пентагон жетекшісі Марк Эспер қызметінен кеткеннен кейін Трамп Пательді қорғаныс министрі Кристофер Миллердің міндетін атқаратын штаб жетекшісі қылып тағайындаған.
Патель – әскери қызметкерлер мен ардагерлерге қаржылай көмек көрсету қорының негізін қалаған. Trump Media Technology Group-тың директорлар кеңесіне мүше.
ПІКІРЛЕР