Accessibility links

Қазақстан мен Каспий мұнай құбыры жайлы жаңа журналистік зерттеу не дейді?


Қазақстан мен Ресей арасындағы құбырды кеңейту жұмыстары. Көрнекі сурет.
Қазақстан мен Ресей арасындағы құбырды кеңейту жұмыстары. Көрнекі сурет.

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) мен оның 26 медиа серіктесі (арасында Азаттық та бар) бірлесіп екі жыл бойы жүргізген жаңа зерттеуде Қазақстандағы стратегиялық маңызы бар Каспий құбыры мен сол арқылы шикізат жөнелтетін мұнай кен орындарына қатысы бар келісімдер талданған.

КАСПИЙ ҚҰБЫРЫ

Caspian Cabals жобасы – екі жыл бойы жүргізілген ауқымды журналистік зерттеудің қорытындысы. Ол ондаған мың құпия электронды хаттар, компаниялардың презентациялары мен мұнай өнеркәсібіндегі басқа да жазбалар, аудит және сот материалдары, нормативті заң актілері, мұнай компанияларының бұрынғы қызметкерлері мен Shell, Chevron және Exxon компанияларындағы дерек көздерінен алынған мәліметтерді қосқанда, жүздеген есеп пен сұхбаттарға сүйеніп жасалды.

Зерттеу өзегі – 1511 шақырымдық Каспий құбыры. Осы құбырмен қазақ мұнайы Ресей жері арқылы Еуропа нарығына тасымалданады. Зерттеу нәтижесінде бюджетті қампайтып көрсету, келісімшарттарға қатысты айла-шарғы мен қосалқы мердігерлерге құбыр құрылысына байланысты ешқашан атқарылмаған жұмысқа ақша төлеу сияқты көптеген күмәнді әрекеттер әшкере болған.

Зерттеу авторлары Каспий құбырын басқаратын консорциумның (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясының өз ықпалын кеңейтіп, Chevron, Exxon және Eni сияқты осы консорциумда үлесі бар басқа компанияларды ығыстыруға тырысқан деп жазды.

Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) мұнай компаниялары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы миллиардер Тимур Құлыбаевпен байланысты екі фирмамен тиімді келісімшартты қалай жасасқанын зерттеді.

Зерттеуде Қазақстандағы мұнай кен орындарына жақын орналасқан ауылдардың жай-күйі де айтылған. Ауыл тұрғындары созылмалы ауруларға шалдыққанын айтып, қоршаған ортаға зиян тигізіп отырған экологиялық проблемалармен күресіп келеді. Жергілікті халық пен белсенділер мұны жақын маңда табиғи шикізат өндіріп жатқан энергетикалық жобалардың қарқынды дамуымен байланыстырады.

НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫ: ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ҚҰЛЫБАЕВ

Қазақстанда Құлыбаевты кейде "мұнай ханзадасы" деп атайды, байланысы мықты бұл адам ондай атқа өндіруші саладағы рөлі мен отыз жылда әлемдегі ірі мұнай өндірушіге айналған елдің үкіметіне және халықаралық компанияларға ықпалын қалай пайдаланғанының арқасында ие болған деп жазылған зерттеуде.

Құлыбаев – Орталық Азиядағы ең бай адамдардың бірі. Forbes басылымының дерегінше, оның байлығы 5 миллиард доллардан асады (2024 жылдың наурызындағы есеппен). Әлемнің бірқатар елінде қымбат жылжымайтын мүліктері бар.

  • 2011 жылы екі сорғы станциясын салу бойынша 276,5 миллион долларлық келісім Құлыбаевпен байланысты KazStroyService компаниясына берілген. Ашық деректерге сәйкес, Құлыбаевтың Сингапурдағы Steppe Capital жекеменшік инвестициялық компаниясы алты жылдық жоба барысында KazStroyService-ті өз активтерінің қатарына қосқан.
  • KazStroyService компаниясына берілген жоба құны кейін 486 миллион долларға дейін өскен. Бюджет неліктен ұлғайғаны түсіндірілмеген. Компания құрылысты бастапқы жоспардағы мерзімінен 4 жыл кешіктіріп бітірген.
  • 2010 жылға дейін ішінара Құлыбаевқа тиесілі болған Tenizservice компаниясы Каспий құбырын кеңейтуге қажет жүк түсіретін құрылым салу бойынша құны 1,06 миллиард доллар тұратын келісімге қол жеткізген. Үлкен нормативті кедергілерге қарамастан, жоба тез жүріп, бір ай ішінде алдын-ала дайындық жұмыстары басталып кеткен.
  • Chevron, Exxon және тағы екі серіктес компания TenizService компаниясына жобаның бастапқы құнынан 1,5 миллиард доллар артық ақша төлеу туралы келісімді мақұлдаған. Қазақстандық компания жиынтығы 2,5 миллиард доллар алған.
  • Құлыбаев ICIJ-ге сұхбат беруге келіспеді.
  • Құлыбаев жалдаған британдық заң және коммуникация саласындағы Schillings фирмасы оны өзіндік іскерлік мүддесі және іс жүзінде дәлелденген коммерциялық беделі бар тәуелсіз дәулетті кәсіпкер әрі инвестор деп атады.
  • Schillings фирмасының заңгерлері ICIJ-ге жолдаған 39 беттен тұратын хатта Құлыбаев 2010 жылға дейін TenizService компаниясында миноритарлық үлеске иелік еткен, ал бірақ екі жылдан кейін жасалған алпауыт инфрақұрылым салу туралы келісімшартта Құлыбаевтың іскерлік мүддесі болмаған деп жазылған.
  • KazStroyService журналистердің комментарий беруді сұрап жазған бірнеше хатына жауап қатпады. Каспий құбыры консорциумы немесе Exxon компаниялары да үнсіз отыр. Chevron да KazStroyService компаниясымен жасалған келісімшарт жайлы сұрақтарға жауап бермеді.
  • Құлыбаевтың адвокаттары кәсіпкер 2007 жылы маусымда KazStroyService компаниясының 50 пайызын сатып алған, бірақ компанияны басқаруға немесе келісімшарттарды талқылауға қатыспаған деп мәлімдеді. Адвокаттар Құлыбаев Каспий құбыры консорциумын "басқаруға ешқашан қатысқан емес", не өзі, не Steppe Capital компаниясы KazStroyService-пен келісімде немесе сорғы станциялары жобасында ешқандай рөл атқармаған деді.
  • ICIJ танысқан құжаттарға сәйкес, Қазақстан үкіметі Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Каспий құбырын санкциядан қорғау үшін АҚШ-тан лоббистік фирма жалдаған. Заңгерлермен жасалған келісімшарт құны 4 миллион долларға жуық деп жазылған зерттеуде.
Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.
Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалы. Қазақстаннан Каспий құбырымен жеткізілген мұнай Қара теңіздегі осы портта танкерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі.

НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫ: РЕСЕЙ ЖӘНЕ ТРАНСНЕФТЬ

Ресейлік "Транснефть" Каспий құбыры консорциумы акцияларының 31 пайызына ие. Caspian Cabals зерттеуі осы мемлекеттік компания консорциумды бақылауын қалай кеңейткеніне үңілген.

  • ICIJ назарына ілінген бір жағдайда, 2020 жылы наурызда "Транснефть" Батыс компанияларын ығыстыру арқылы Каспий құбыры консорциумы директорлар кеңесін бақылауды күшейтуге тырысқаны айтылған. Зерттеу авторлары талдаған консорциумның ішкі құжаттарына қарағанда, "Транснефть" компаниясы өзінің бірнеше еншілес ұйымдарында істеген және Каспий құбыры консорциумы бас директоры болған Николай Горбаньның құзыретін кеңейтуді жоспарлаған. Сонда консорциумға қатысушы Батыс акционерлері жаңа директорлар кеңесінде Горбаньға бағынышты болар еді.
  • Дәл сол жылы мамырда, жаңа директорлар кеңесі таңдалғаннан кейін көп өтпей, Ресейдің ішкі істер министрлігі Батыс мұнай компанияларының ондаған қызметкерін Ресейде заңсыз жұмыс істеп жүр деп айыптаған. Батыс қызметкерлері мәселенің құқықтық салдарынан қорқып, елден кеткен. Артынша оларды Каспий құбыры консорциумының компьютерлік жүйесінен шығарып тастаған.
  • Бұл қадам құбыр жобасындағы Батыстың ықпалын азайтты. ICIJ серіктесі, Нидерландының NRC жобасы 2020 жылға дейін өз дерек көзінен Каспий құбыры консорциумының акционерлері ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясының еншілес құрылымы "Транснефть-Сервис" компаниясымен теңіз қызметі бойынша тиімді келісімшартқа отыру туралы ұсынысқа байланысты дауласып қалған деген ақпарат алған. Батыс қызметкерлері Ресейден кеткеннен кейін алты аптадан соң Каспий құбыры консорциумы "Транснефть-Сервис" компаниясымен Қара теңіз жағалауындағы құбыр терминалы орналасқан Новороссийск портында теңіз қызметін көрсету жайлы 10 жылдық келісімге қол қойған.
  • Саяси ықпалы бар ресейлік "Велесстрой" компаниясы "Транснефть" басқаруындағы Каспий құбыр консорциумын жабдықтайтын негізгі компаниялардың біріне айналған. "Велесстрой" екі хорват кәсіпкеріне тиесілі. Ұлыбритания ол екеуіне Ресейдің энергетикалық секторымен байланысы болғаны үшін санкция салған.
  • Олардың бірі – Крешимир Филипович. Оны ресейлік және басқа да ақпарат құралдары "Путиннің Балқандағы әмияны" деп атайды. Банк құжаттары, тексеріс жайлы есептер, сотқа берілген талап-арыздарда "Велесстрой" компаниясы салық төлеуден жалтарып, өндірістегі қауіпсіздік ережесін бұзған деп көрсетілген. 2015 жылдан бері "Велесстрой" компаниясының кемінде 18 қызметкері жұмыс орнында, оның ішінде біреуі құбыр учаскесінде қаза тапқан. Соған қарамастан, консорциум серіктестері компаниямен келісімшартын жалғастырған. Олардың құнын қампайтып көрсеткен деген күдік болған.
  • Каспий құбыры консорциумы дивиденд төлей бастағанда, Ресей үкіметіне "Транснефть" және "Роснефть" сияқты акционерлері арқылы кемінде 1,4 млрд доллар кіріс түскен. ICIJ дерегінше, 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері қос компанияға дивиденд ретінде кемінде 816 млн доллар аударған.
  • ICIJ Украинада соғыс басталғалы бері құбырмен мұнай жеткізу түрлі ақауға немесе басқадай себептермен кемі 20 рет тоқтағанын анықтады.
  • Каспий құбыры консорциумы 2022 жылы Ресей билігіне 321 млн долларға жуық салық төлеген. Оның ішінде 96 млн доллар Ресейдің федералды үкіметіне аударылған. ICIJ есебінше, бұл қаржы 70 жаңа ресейлік танк шығаруға жетеді.
  • ICIJ бұған қоса 2021 жылы Каспий құбыры консорциумы теңізге төгілген мұнай көлемін айтарлықтай азайтып көрсеткенін анықтады. Консорциум кейінірек осы мәселе бойынша Ресейдегі сотта жеңіліп, қоршаған ортаға зиян тигізгені үшін 98,7 млн доллар айыппұл төлеген.
  • ICIJ анықтаған 10 жағдайда ресейлік құрылыс фирмалары Каспий құбырын кеңейту бойынша келісімшартқа отырып, алдын-ала төлем алған. Бірақ көрсетілген жұмыстарды істемеген немесе нысанды мерзімінен кеш тапсырған деп жазылған зерттеуде.
  • ICIJ сауалына жіберген жауап хатында Chevron компаниясы "этикалық іскерлік стандартты қатаң ұстанатынын, жұмысына жауапты қарайтынын, өзі жұмыс істейтін елдердегі заңдар мен ережелерге сай кәсіп жүргізетінін" айтты.
  • "Транснефть" компаниясы ICIJ жолдаған сұрақтарға жауап бермеді.
  • Exxon да бұл мәселе бойынша пікір білдіруге құлық танытпады.
  • Shell компаниясының өкілі компания парақорлықтың кез келген түріне жол бермейді деп мәлімдеді.
  • Eni өкілі "Ашықтық, этика мен экологиялық жауапкершіліктің ең жоғарғы стандартын ұстануға тырысамыз" деп мәлімдеді. Компания Каспий құбыры жайлы сұрақтарды Каспий құбыры консорциумына бұрды, бірақ олар пікір беруін сұрап жазған сандаған сауалға жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG