Accessibility links

Қазақ эмигpанттарды күстәналау. "Жат елдегі" диссидент драмасының бағасы


Азаттық радиосының бір топ қызметкері Түркістан бөлімінің алғашқы басшысы Мәулікеш Қайбалдының зираты басында. Ортада тұрған – Дәулет Тағыберлі және оның сол жағында қара көзілдірік таққан адам – Қарыс Қанатбай. Мюнхен, Германия. Сурет Әлихан Жаналтайдың жеке архивінен алынды.
Азаттық радиосының бір топ қызметкері Түркістан бөлімінің алғашқы басшысы Мәулікеш Қайбалдының зираты басында. Ортада тұрған – Дәулет Тағыберлі және оның сол жағында қара көзілдірік таққан адам – Қарыс Қанатбай. Мюнхен, Германия. Сурет Әлихан Жаналтайдың жеке архивінен алынды.

Азаттық радиосы Түркістан редакциясын ұйымдастырғандардың бірі Қарыс Қанатбай туралы пьесаға Азаттық 1983 жылы шолу жасаған. Советтік пропагандаға құрылған шығарманы ел тәуелсіздігінен кейін ақтауға тырысатындар бар. Ал пьесаны кездейсоқ сахналаған режиссер сол заманда биліктегі жүйені дәріптегенін мойындайды.

1983 жылғы 16 желтоқсанда Азаттық радиосы эфирінен Қызылордада премьерасы болған "Жат елде" спектаклі жайлы комментарий берілген. Спектакльдегі бас кейіпкер Құрбанның прототипі – ХХ ғасырдың орта шенінде Еуропаға табан тіреген орталықазиялық эмигранттар арасында танымал қайраткер, диссидент қазақ Қарыс Қанатбай еді. Ол 1982 жылғы 25 қарашада 71 жасқа қараған шағында Батыс Германияның астанасы болған Мюнхенде өмірден өткен.

Диссидент қалай бағаланар? "Жат елдегі" құрбандар
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:39 0:00

"ЖАТ ЕЛДЕГІ" ТҮРКЕЛІ

Орталық Азиядан шыққан эмигранттар Қарыс Қанатбай мен Баймырза Хаиттың Азаттық радиосын, нақтылай айтқанда радионың Түркістан редакциясын құруда үйлестіру қызметін атқарғаны мәлім. Қарыс Қанатбайдың өмірі мен қызметі жөнінде "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының 22-эпизодында кеңірек тоқталғанбыз.

Осынау түркістандықтарды кейіпкер еткен "Жат елде" спектакліне Совет одағы кезінде Азаттық радиосы бір хабарын арнаған. Өкініштісі, сол хабардың аудионұсқасы әзірге қолға түспеді. Әйткенмен Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке архивінде осы хабардың жазбаша нұсқасы сақталған.

Совет одағы кезінде Азаттық радиосына қарсы әрекеттер әртүрлі сипатта өрбіп отырды. Соның бірі – Батыс ақпарат құралдарына қарсы пропаганда. Азаттықты күстәналап, оның қызметкерлерін қаралап жазған советтік мақалаларға Азаттық радиосының өзі де мониторинг жасап отырған. Бұл туралы "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының 21-эпизодында айтқанбыз.

Советтің үгіт-насихат машинасының Батыста қызмет атқарған эмиграция өкілдерін қаралауы газет-журнал мақаласымен шектелмеген. Мәселен, советтік Қазақстанда эмигранттарды жағымсыз кейіпте көрсететін спектакль қойылған.

1964 жылы қазақ совет драматургы Қалтай Мұхамеджанов (1928-1991) "Жат елде" деген пьеса жазған. "Деректерге құрылды" дейтін үш бөлімді пьесада 1950-жылдардың аяғында Мюнхенде өткен оқиға арқау болады. Бұл туынды 1966 жылы советтік таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде арнайы жүлде алған.

Қалтай Мұхамеджановтың драмалық шығармасының кейіпкерлері – Батыста құрылған Түркелі комитетінің серкелері. Құрбан мен Уәли Хасан бастаған Орталық Азиядан шыққан эмигранттар АҚШ және сол кездегі Батыс Германияның қолдауымен осы комитетті құрады. Басшысын "президент" атап, оған Құрбанды бекітеді.

Шығармада олар Батыс елдеріне сапармен барған совет азаматтарын Батыста қалдыру мақсатын көздеп әрекет етеді. Спектакль желісіне қарағанда, эмигранттардың бұл ісі өнімсіз болып, тіпті өз араларынан біреуі совет еліне кетіп қалады. Соңғы көріністердің бірінде қасындағылары Құрбанды "экс-президент" деп атайды.

Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған адамдардың бірі Хасен Оралтай өз естелігінде "...шеттегі қазақтар Түркелі комитетіне зор үмітпен қарайтын. Бұл комитетті шеттегі қазақтардың үлкен шаңырағы, жол көрсетіп, жөн сілтейтін ордасы ретінде бағалайтын" деп жазды. Комитет "Түркелі" деп аталатын журнал да шығарған.

ӘЛДЕБІР "РАДИО" ЖӘНЕ ПРОТОТИПТЕР

Өзі де аталған комитетте хатшы болған Хасен Оралтайдың естелік жазбаларына қарағанда, Түркелі комитеті 1960-жылдары Мюнхендегі қазақ эмиграциясының қоғамы ретінде қайта құрылған. Яғни, 1951 жылы қырғи-қабақ соғыстың алғашқы кезеңінде дүниеге келген Түркелі ұйымы 1960-жылдарға дейін саяси құрылым болған.

Қарыс Қанатбай - Азаттық радиосы Түркістан редакциясын құрушылардың бірі. Мюнхен, Германия. Әлихан Жаналтайдың жеке архивіндегі фото.
Қарыс Қанатбай - Азаттық радиосы Түркістан редакциясын құрушылардың бірі. Мюнхен, Германия. Әлихан Жаналтайдың жеке архивіндегі фото.

Ал алпысыншы жылдардан бастап ұйымның белсенділігі мәдениет саласында жалғасқан. Мәдени ұйым болған кезде де әуелі оны Қарыс Қанатбай басқарған.

"Жат елде" спектакліне осы ұйымның алғашқы кезеңдегі белсенділігі арқау болған. Спектакльде Мұстафа Шоқайдың есімі аталады және советке қарсы радионың жұмыстарын ұйымдастыру жайлы жиі айтылады, бірақ ол радионың атауы белгісіз күйде қалады. Әйткенмен кейіпкерлер мен меңзеулерге қарап "Жат елде" спектакліндегі радио Азаттық радиосы екендігіне көз жеткізу қиын емес. Драманың пьеса нұсқасында "радио" атауы 10 жерде айтылады.

СОВХОЗДАҒЫ СЕБЕБІ АЙТЫЛМАҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Азаттық радиосы "Жат елде" спектаклінің Қызылорададағы премьерасы кезінде, 1983 жылғы 16 желтоқсанда эфирден осы туынды туралы комментарий берген. Оны әзірлеген – Хасен Оралтай, редакторы – Жәкен Бапыш.

Комментарий "Социалистік Қазақстан" газетінің 1983 жылғы 4 желтоқсандағы санында "Жат елде – ауыл сахнасында" деген шағын хабарлама жарияланғанын хабарлаудан басталады. Спектакль Қызылорда облысы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданы Шіркейлі совхозының клубында қойылған.

"...аталған пьеса "соғысқұмарларды, сатқындарды әшкерелейтін, отаншылдықты дәріптейтін аса актуалды шығарма" делініп сипатталған", – деп хабарлаған Азаттық.

Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" пьесасы. "Жұлдыз" журналы, 1968 жыл.
Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" пьесасы. "Жұлдыз" журналы, 1968 жыл.

"Пьесада тілге тиек етілген кісілердің сол "жат елдерге" қалай шыққандығы, олардың өз елінен неге жеріп жүргендігі, немесе қалайша өз елдеріне қайта оралмай, "жат елді" паналап отырғандығы жайында ешқандай түсінік берілмеген. Алайда мәселенің негізгі түйіні осы екені даусыз" деген хабар авторы басына қатер төнбеген, әділетсіздікті өткермеген адамдардың бекерден бекер "жат елде" қалмайтынын айтқан.

"Әлемнің қай елінде, тарихтың қай дәуірінде болмасын, жұртшылықтың өз елінен қашып, жат елді паналауына, туған жеріне қайта алмай, шетте жүруіне өз елін басып кірген жат жұрттықтардың езгісі, сондағы әкімшіліктің әділетсіздігі, еркіндік пен тәуелсіздік жоқтығы себеп болғандығы және қазір де солай болып отырғаны баршаға белгілі факт. Бұған кезінде Қазақстаннан босып, Қытай қоластындағы Шығыс Түркістанға барып, сондай-ақ Иран пен Ауғанстанды паналаған қазақтар тағдыры да кепілдік етеді" деген Азаттық хабарында.

ЖАУ ЕМЕС – ЖАНАШЫР

Бұдан әрі Азаттық радиосы хабарында Совет одағынан және соның ықпалындағы Шығыс Еуропадан адамдардың қашуға талпынғанын, мәселен, Грузиядан адамдардың ұшақпен қашып шығуға әрекет қылғанын айтқан. Сонымен қатар Совет одағының БҰҰ-на қызметке, немесе дипломатиялық жұмысқа басқа елдерге жіберілген дипломат қызметкерлері, елден сыртқа шыққан өнер адамдары мен спортшылары "жат елде" қалып қойғанына да тоқталған. Яғни, адам құқығы тапталып, қарапайым құқық қағидаты ескерілмейтін советтік, немесе социалистік елдерден қашып шығып, Батыс дүниесінен саяси баспана алғандардың толқыны күшейгені сөз болған.

Азаттық радиосы "Жат елде" спектаклі жайлы дайындаған хабардың мәтіні. 16 желтоқсан 1983 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивінен.
Азаттық радиосы "Жат елде" спектаклі жайлы дайындаған хабардың мәтіні. 16 желтоқсан 1983 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивінен.

Азаттық радиосы 1983 жылғы 16 желтоқсандағы хабарында "жат елде" жүрген түркістандықтардың "өз еліне жау емес, қайта жанашыр" екенін айтады. "Оның дәл солай екендігі мысқыл түрінде келтірілгенімен, "Жат елде" деген драмалық шығармада... мойындалған" деген Азаттық осы хабарда.

1983 жылы, совет режимінің Батыспен қырғи-қабақ соғысы кезінде Азаттық эфирінен қазақ тілінде берілген осы хабардың мәтіні былай аяқталған:

"Ырас! Жат елде, бұрын бәріне бірдей Түркістан делінетін Қазақстан мен Өзбекстан, және Қырғызстан мен Түркіменстан, сондай-ақ Тәжікстан мен Қарақалпақстаннан ұзақта Түркелі атында бір комитет құрылған. Ол жеке Еуропадағы түркістандықтар жағынан ғана емес, басқа елдердегі түркістандықтар жағынан да қосталған болатын. Соған орай оның шығарған органы "Түркелі" журналын қостаушы, дәл солай аталатын журналдар сонау Түркияда да жарияланған-ды. Соның жалғасы әлі де ұластырылып отыр. Міне, осының бәрі әлгі "Жат елде" делінген советтік драмалық шығармада баяндалғандардың шындыққа жатпайтындығын, яғни "жат елдегі" түркістандықтардың жаңа ескертілгендей тек өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігін, онда адам құқығына құрмет етіліп, ой-пікір және ождан мен баспасөз еркіндігі болуын көксейтіндігін айқындай түсуде. Егер де сондай жағдай пайда болатын болса, шетте, яғни, "жат елде" жүргендердің түгелімен өз еліне оралары даусыз".

КЕЙІПКЕРІН ДАТТАУ АВТОРЫН АҚТАУҒА ҰЛАСТЫ

Адамдарды тапқа бөліп, миллиондаған жанның, тұтас халықтардың тағдырын тәлкекке салған саясат жүргізген Совет одағы жетпіс жылдан астам дәурен сүріп, ақыры келмеске кетті. Совет кезіндегі саясаттың ықпалымен жазылған шығармалар туралы әртүрлі, кейде қарама-қайшы пікірлер әлі айтылып жүр.

"Тарихи хронологиясына қарағанда, 1966 жылы жазылып, келесі жылы сахналанған Қалағаңның "Жат елде" драмасы еш талас-тартыссыз, айқай-шусыз көрермендерге жеткендей көрінеді. Үкімет тарапынан комедияға тапсырыс алған автордың кенет драмаға ауысуының себебі неде? Ол сол тұста "Голос Америки", "Би-би-си", "Свободная Европа" радиостансаларының күн сайынғы түймедейді түйедей еткен саяси соқырлығына қайтарылған нақты жауап еді" деп жазды 2018 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры, Қалтай Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі Қазбай Құдайбергенов спекталь туралы. Оның сөзінше, "Жат елде" шығармасын жазған кезде "автор бұрын құпия саналатын, "жабық", "жасырын", "қауіпті" делініп келген сан алуан құжаттармен танысқан".

Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасы жазылған грампластинка.
Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасы жазылған грампластинка.

"Қаншалықты көркем шығарма болса да "Жат елде" кейіпкерлерінің өмірде нақты прототиптері бар. Мысалы, Түркістан легионы тарихынан хабардар адамға Уәли Хасан – Уәли Каюмхан, Бекмырза – Баймырза Хаит, Сайын – Зәки Уәлиди, Құрбан – Қарыс Қанатбаев, Асан – Мәжит Айтбаев екендіктерін аңғару қиын емес", – деп жазды Қалтай Мұхамеджанов туралы эссесінде Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін мәдениет министрі, Қызылорда облысы әкімі лауазымдарын атқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың жазуынша, Қалтай Мұхамеджанов кейін бұл шығармасы жөнінде мынадай пікір білдіріпті:

"Жат елде" атты пьесам қыруар уақытымды алды. Мүлдем жабық жатқан тақырып едi ғой ол. Шет жұрттарда шашылып, қаңғып қалған қандастарымды сахнаға шығару жолында қаншама уайым шектiм. Қазiр ғой, заманның өзгерiп, өмiр ұстанымдарының шуақ себе бастағаны. Анау Асан, Құрбан сияқты адасқан ұлдарымыздың Мюнхен көшелерiнде сандалып жүргендерi кеше ғана емес пе едi?"

Автордың осы айтқанын келтіре отырып, Әшірбек Сығай "Жат елде" қойылымын алғаш Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрда сахналаған жергілікті режиссер емес, мәскеулiк Михаил Новохижин екенін жазған. Бұл 1966-1967 жылдар шамасы. Кейін "Жат елде" драмалық шығармасы осы театрда Ыдырыс Ноғайбаевтың режиссерлігімен қойылды. Басты рөлді, яғни Құрбан – Қарыс Қанатбайды Ыдырыс Ноғайбаевтың өзі сомдаған. Бұл нұсқа грампластинкаға да жазылып, ел ішіне тараған.

Совет кезінде Түркелі комитеті мен Азаттық радиосына қарсы жазылған мақаланың бірі "Жас жүректі арбаушылар" деп аталады. "Білім және еңбек" журналы, 1987 жыл.
Совет кезінде Түркелі комитеті мен Азаттық радиосына қарсы жазылған мақаланың бірі "Жас жүректі арбаушылар" деп аталады. "Білім және еңбек" журналы, 1987 жыл.

"Жат елде" спектаклі туралы "Бұл қойылымға аға, орта, кiшi буын артистерiмiздiң ең таланттылары қатысқан болатын. 1950-жылдардың аяқ шенiнде Германияның Мюнхен қаласында тағдыры тәлкекке түсiп, iлгерi басқан қадамы керi кетiп, әрi-сәрi берекесiз күй кешкен қорғансыз жандардың шалыс әрекеттерiн Ы.Ноғайбаев, А.Әшiмов, К.Қармысов сынды артистерiмiз ғажап көрсеттi", – деп жазды Әшірбек Сығай.

Ал зерттеуші Қанат Әжиев Қалтай Мұхамеджановтың бұл пьесаны "мемлекеттік тапсырыс бойынша жазғаны белгілі" дейді.

"Бірақ ол тапсырыс талабына сəйкес сатиралық комедия емес, саяси əлеуметтік драма жазған. Тағдыр тəлкегімен туған жерінен жат елге кеткен адамдар тағдырын күлкіге айналдыру қиын. Отанынан алыс кету – адам үшін драма. Əдебиетші-ғалым Серік Қирабаев бұл пьесаны "патриоттық спектакль" деп атаған. Драманың негізгі мотиві – Отанға деген сағыныш. Жат елдегі қандастарымыздың сезімі мен қиналыстары ақын Асанның трагедиялық образы арқылы берілген. Сонымен қатар пьесада сатқындық тақырыбы да бар. Жасырын ұйымды құрушы Құрбан бəрінен бұрын өзінің жеке басының пайдасын ғана ойлайды. Сол себепті де оған қатал үкім шығарылады. Анасы оны "шіріген жұмыртқа" санап, "балам өлді" деген кесімін айтады", – деп жазған Қанат Әжиев.

Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, "Драма 1964 жылы Жазушылар одағындағы қырғын талқылаудан кейін Ғабит Мүсіреповтің зор беделі арқасында үлкен сахнаға жолдама алып, 1966 жылы Әуезов театрында қойылды... "Жат елдені" жазу әкесі отыз жетінің қансоқтасында атылып кеткен Қалтай үшін ерлікпен пара-пар еді", – деп жазды.

Оның пікірінше, "пьесаның осы уақытқа дейін кейбір зерттеушілер тарапынан қағаберіс қалып келе жатқан тағы бір ерекшелігі – онда Қазақ елінің егемендігі туралы идеяның көрініс бергендігі" екен.

"Бір қарағанда, "Жат елденің" кейіпкерлері туған Отанынан жырақтап қалған, басында билігі жоқ бейшара жандар болып көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың бәрі бірдей ас ішіп, аяқ босатқанына мәз боп жүрген жандар емес, көпшілігінің арманы – Қазақстанның тәуелсіз ел болуын көру. Қалекең тағы сол Асанның (бұл кейіпкерге прототип болған – "Қорқыт", "Қобызшы Қорқыт" бүркеншік атын пайдаланып талай туындылар жазған талантты ақын Мәжит Айтбаев) аузына: "Монако, Андорра, Люксембург те дербес мемлекет қой. Жинала бастасақ, олардан әлдеқайда асып түсеміз" деген сөз салады. Алпыс алтыншы жылы мұндай сөзді жүрегінің түгі бар қаламгер ғана жаза алатын еді. "Ер туған жеріне". Қалекеңнің тағы бір кейіпкері Жұманның есіл-дерті "есебін тауып, туған елге жету". Ақыр соңында ол солай істеді де. Осы шығармасында Қалекең жазу, айтуды былай қойып, естіген адамның есін кетіретіндей сөздерді драмалық жанрдың бар мүмкіндігін асқан шеберлікпен пайдалана отырып, біресе ана, біресе мына кейіпкерінің аузына салып, отша ойнатып отырған. Мысалы, америкалық кейіпкердің аузына: "коммунизмнің бос қиял екендігін ұғындыру – бүкіл Россияны большевизмнен азат етудің бастамасы" деген сөздерді салу арқылы барлық Алаш қайраткерлері мұрат еткен ұлы идеяны да жарқырата жайып салады", – деп жазды Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ол пьесада Мұстафа Шоқайдың аталғанын "М.Шоқай тұтас түркі жұртының талассыз көсемі болды деген ишара" деп бағалайды.

Жазушы Әбіш Кекілбаев та "Жат елде" шығармасы туралы пікірінде: "Ұлт болашағына гитлершіл демагогияның көмегімен араша түсеміз дегендердің қалай мұзға отырғандығы "Жат елде" жан-жақты зерделенді. Дәл сондай ұлт тағдырын қаралай қараң суға алдырған қасіретті кепті ала бағанның бергі жағында қалғандар да киді", – деп жазған.

БАС КЕЙІПКЕРДІҢ РӨЛІ. ОЙНАУ МЕН ОЙНАТУДЫҢ АРАСЫ

Шіркейлі – "Жат елде" шығармасын жазған Қалтай Мұхамеджановтың туған ауылы. Осы спектакль сол кезде ауыл клубында, ал оның алдында Қызылорда театрында қойылған.

"Жат елде" пьесасы Қызылорда өңірінде қойылғаны туралы хабар. "Социалистік Қазақстан" газеті, 4 желтоқсан, 1983 жыл.
"Жат елде" пьесасы Қызылорда өңірінде қойылғаны туралы хабар. "Социалистік Қазақстан" газеті, 4 желтоқсан, 1983 жыл.

Алғашында бас кейіпкер Құрбан – Қарыс Қанатбайдың бейнесін сомдаған, қазір жасы 80-нен асқан актер, режиссер, көп жыл Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облысы драма театрында қызмет атқарған Хұсейін Әмір-Темірмен сұхбаттасудың сәті түсті.

Қарт актер бұған дейін 1968 жылы Құрбан рөлінде қалай ойнағанын әңгімелеп берді.

– 1968 жылы осы спекталь біздің театрымыздың репертуарына бір енгені бар. Мен Қарағандыдан келіп, театрда актер болып жұмыс істеп жүрген кезім. Сонда Тілеуберді Досбаевтың дипломдық спектаклінде осы "Жат елде" қойылып, маған Құрбан рөлін берді. Бұл спектакльдің премьерасы сол жылдың шамамен ақпан айында қойылды. Содан бір жарым-екі жылдай біздің театр сахнасында қойылды. Сол уақытта шығарманы ешқайда апарып қоймадық. "Жат елде" гастрольге шығармайтын, стационарлық спектакль болды, – деді Хұсейін Әмір-Темір Азаттыққа.

Ол 1983 жылы әуелде осы туындыны Қызылорда театрында тағы да сахналау үшін режиссер Есмұхан Обаевты шақыртқанын, алайда ол келмей қалып, бұл спектакльге өзі кездейсоқ режиссерлік еткенін айтып берді. Хұсейін Әмір-Темір спектакльдің уақыты белгіленіп, дайындау мерзімі өтіп бара жатқан соң амалсыз осы іске кірістім деді.

Есмұхан Обаев бұл кезде Семей театрында қызмет атқарып жүрген. "Жат елде" спектаклін Хұсейін Әмір-Темір бір жарым айда дайындап, сахнаға шығарған. 1983 жылдың аяғында премьерасы өтіп, шығарма 1988 жылға дейін Бекежанов театрының репертуарынан түспеген. Бұл жолы бас кейіпкер Құрбан – Қарыс Қанатбайдың бейнесін актер Асқарбек Сейілханов сомдаған.

РЕЖИССЕРДІҢ БҰРЫНҒЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЗІРГІ БАҒАСЫ

"Жат елде" Шіркейліде қойылмас бұрын Қызылорда қаласында осы спектакальдің премьерасы өткен. Оған пьеса авторы, 55 жастағы Қалтай Мұхамеджанов та қатысқан. Спектакль автордың туған күні қарсаңында қойылған. Хұсейін ақсақал "уақыты белгіленіп қойған еді" дегенде осыны меңзеген сияқты.

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрының режиссері Хұсейін Әмір-Темір. Сурет оның жеке архивінен алынды.
Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда драма театрының режиссері Хұсейін Әмір-Темір. Сурет оның жеке архивінен алынды.

– Қызылордада спектакль екі күн аншлагпен өтті. 1979 жылы Қалтай Мұхамеджановтың "Өзіме де сол керек" деген комедиясын қойып, Алматыға гастрольмен барғанымыз бар. Ал "Жат елде" спектаклін көрген соң Қалтай ағамыз "Хұсейін, сен өзі комедияны ғана емес, романды да жақсы қояды екенсің. Мынауың керемет дүние ғой, рақмет саған" деп алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Екі күн премьерадан кейін үшінші күні декорациямыз қиындау болса да спектакльді Шіркейліге апарып қойдық, – деді Хұсейін Әмір-Темір Азаттыққа.

Айтуынша, "Жат елде" спектаклінің декорациясына готикалық сәулет стилімен баспалдақ пайдаланылған. Құрбан басқышпен бірте-бірте көтеріліп, аяғында төмен қарай құлайды. Баспалдаққа қоса балкондар да болған. "Сөйтіп декорацияда сахнаны толық пайдаландық" деді режиссер.

Хұсейін Әмір-Темір драмалық шығарманың соңында бас кейіпкер Құрбанның Отанға келе алмай деградацияға ұшырап, далада қалғанын айтады.

"Бұл шығарманы қою сол кездегі үкімет пен партияның тапсырмасы емес пе?" – деп сұрадым режиссерден. Хұсейін Әмір-Темір шығарма авторы Қалтай Мұхамеджановтың туған күніне орай облыстық мәдениет басқармасы драматургтың тағы бір туындысын қою керек деген кезде театрдың таңдауы "Жат елге" түсті деп түсіндірді. Алайда ол осы шығарма арқылы сол кездегі коммунистік партия идеологиясын дәріптегенін жоққа шығармайды.

– Өмірде тап сондай болды ма, болмады ма, әйтеуір сондай пьеса жазу керек болды ғой. Пьеса сол кездегі идеологияға қажет жағдайда жазылды. Сол кезде біз Совет одағы мен коммунистік партияның идеологиясын қолдадық қой. Сол идеяны дәріптеуге жұмыс жасадық, оның несін жасырамыз? – деді Хұсейін Әмір-Темір. Айтуынша, "Жат елде" Шіркейліден басқа жерге апарып қойылмаған стационарлы туынды күйінде қалған.

Ол саяси сипатқа ие "Жат елде" спектаклін қойған кезде тақырыпты қалай зерттеп, ізденгенін де айтып берді.

– Қызылордада сол кезде Түркелі комитетінде болған, соғыста тұтқынға түсіп, қайтып оралған адамдар бар еді. Солардан да сұрастырып көрдім. Бірақ үнемі бақылауда жүрген ол кісілер ештеңе айтпады. "Оның несін сұрайсың, балам, өтті-кетті ғой" дейді де қояды. Сонда сол адамдардың КГБ мен коммунистік партиядан қорқып қалғанын байқадым. Шетте қалып қойғандар туралы өтірік-шыны аралас материалдар да жарық көре бастаған еді. Сондай жағдайда мен пьесаның өзіне жүгіндім. Осы арқылы актерлермен етене жұмыс істеп, кейіпкерлердің мінез-құлқын ашуға тырыстым. Рөлдерді өз дәрежесінде шығаруға еңбек еттім деп ойлаймын, – деді театр ардагері Хұсейін Әмір-Темір.

1972 жылы қазақстандық Нұрмахан Оразбай Мюнхенге барған сапарында Қарыс Қанатбаймен кездескен екен. Бұл туралы Нұрмахан Оразбайдың өзі 1993 жылы Азаттық радиосының Алматыдағы бюросы ашылғанда әңгімелеп берген.

Ал Азаттық радиосының тілшілері таяуда Қарыс Қанатбайдың Мюнхендегі қабірі "жоғалып кеткенін" анықтады.

Азаттық радиосы 1983 жылғы 16 желтоқсанда эфирден совет драматургы Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" спектакліне комментарий бергені жайлы шолуды подкасымыздан тыңдай аласыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG