Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын ақша көлемі қаңтардан бастап ұлғайтылады. Бұл жөнінде жұма күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
"Естеріңізде болса, былтыр әрбір балаға шамамен 100 доллардан аударғанбыз. 2023 және 2024 жылдары инвестициялық кіріс тұрғысынан оңтайлы болып шықты. Сондықтан жылжымалы орташа шама өседі. Келесі жылы қаңтарда сома көлемі көбірек болады" деді ол.
Банктің орынбасары Ақылжан Бағмағамбетовтің айтуынша, ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудан он ай ішінде 5,3 млрд доллар табыс тапқан.
"Егер жартыға бөлсек, яғни 2,6-2,7 млрд доллары балаларымыздың шотына түседі. Бірақ біз орташасын тауып, басқа сома болады. Сәл азырақ болады" деді ол.
Спикердің сөзінше, бұл балалар санына да байланысты және әрбір балаға аударылатын ақша санын қазір айту ертерек.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жарияланды. Ол биыл қаңтарда жүзеге асыра бастады. Ақша жылына бір рет түсіп отырады. Ақпанда 18 жасқа толмаған балалардың шотына 100 доллар жіберіле бастаған. Осы мақсатта барлық қазақстандықтардың балаларының арнайы жинақтау қорына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестиция кірісінің 50 пайызы түсіп отырмақ. Үкіметтің айтуынша, барлық мәлімет дерек қоры негізінде автоматты түрде толтырылады және ешқайда құжат тапсырудың қажеті жоқ. Алайда әрбір ата-ана Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе Egov порталындағы мәліметтерді тексеріп отыруға тиіс.
Азаматтар жиналған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін баспана не білім алуға қолдана алады. Егер қаржыны алмаса 10 жыл бойы шотта сақталады. Бұл уақытта да қолданбаса ақша зейнетақы қорына аударылады. Қайтыс болса, мұраға қалдырылады.
Кей сарапшылар бұл бастаманы популистік деп бағалап, жоба кеш жарияланды деп санайды. Олар мұны 20 жыл бұрын мұнай бағасы қымбат болған кезде айтқанда маңызы болар еді деген пікірде.
Олардың сөзінше, қазір 18 жасқа толғаннан соң балалар қанша ақша алатыны белгісіз. Болжам бойынша, 3,5 мың доллар жиналуы мүмкін, ал бұл азғантай ғана соманың білім беру ақысы не тұрғын үй төлеміне айтарлықтай әсер етуі екіталай. Алайда бұл бастаманың басты артықшылығы – азаматтардың Ұлттық қордан ашықтықты талап ете бастауы мүмкін.
Ресми мәлімет бойынша, елде 18 жасқа толмаған 6.7 млн бала бар.